Қарағанды облысында «Гүлшат» күн электр стансысының құрылысы басталды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында Балқаш қаласы Гүлшат кентінің маңында қуаттылығы 40 МВт болатын күн электр стансысы бой көтереді. Оның құрылысы бүгін, 7 маусымда басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Қарағанды облысында «Гүлшат» күн электр стансысының құрылысы басталды

Жобаның іске қосу салтанатына Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Анатолий Шкарупа, Балқаш қаласының әкімі Александр Аглиулин, инвестор - RisenEnergy испандық компаниясының өкілдері қатысты.

Инвестицияның жалпы сомасы 46 млн АҚШ долларын құрайды. Жобаға «КПМ-Дельта» ЖШС бастамашылық етуде.

«Гүлшат» күн электр стансысын 2019 жылдың бірінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Ол жылына 59 млн кВт/сағатқа дейін «таза» электр энергиясын өндіреді. Ол Қарағанды облысындағы және Қазақстандағы ең ірі жаңартылатын энергия көзі нысандарының бірі болмақ.

Күн электр стансысының құрылысына 300-ден астам жұмысшы тартылады. Ол іске қосылғаннан кейін 10 маман қызмет көрсетеді.