Қарағанды облысында инвестиция көлемі ұлғайды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында инвестиция көлемі артты. Өңірдің негізгі капиталына инвестициялар бойынша нақты көлем индексі 103,4%-бен 580,2 млрд теңгеден астам қаражат игерілді.

Қарағанды облысында инвестиция көлемі ұлғайды

Құрылыста, ауыл шаруашылығында және басқа да көрсеткіштер бойынша өсім тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2021 жылдың қаңтар-қазан айларындағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы онлайн режимінде өткен аппараттық кеңеске шығарылды.

– Салалық басқармалардың мәліметтері бойынша, өнеркәсіпте нақты көлем индексі кемінде 98,5%, көлемі 3 трлн 352 млрд теңгені құрайды деп болжануда. Өңдеу өнеркәсібінде өнім өндіру өткен жылғы қаңтар-қазанға қарағанда 99,5% деңгейінде күтілуде. Тау-кен өндіру саласында – 97,5%. 18,9% өсіммен 465,4 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру күтілуде, – деп баяндады экономика басқармасының басшысы Азамат Мұқанов.

Мал шаруашылығы есебінен ауыл шаруашылығы саласында да оң көрсеткіштер байқалады. Өнім шығару 405,1 млрд теңге көлемінде күтілуде – өсім 2,1%.

Облыс әкімі ведомстволарға барлық міндеттемелерді орындауға тапсырма берді.

– Өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму департаменті, қалалар мен аудандардың әкімдері қосымша шаралар қабылдап, жыл соңына дейін өнеркәсіп өндірісінің оң серпініне қол жеткізуді қамтамасыз етуі, сондай-ақ ішкі және шетелдік инвестицияларды тарту бойынша күш-жігерді жандандыруы қажет, – деді Жеңіс Қасымбек.