Қарағанды облысында ірі қара жаппай қырылған ауданда ТЖ режімі жарияланды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Пастереллезден мал жаппай қырылып жатқан Нұра ауданында ТЖ режімі енгізілді, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Қарағанды облысында ірі қара жаппай қырылған ауданда ТЖ режімі жарияланды

Аудан әкімі Ниқанбай Омархановтың мәліметіне сәйкес, Мыңбаев ауылының кіреберісі мен шығаберісіне көліктер мен азаматтар үшін залалсыздандыратын тосқауылдар белгіленді.

Ресми диагноз әзірге анықталған жоқ. Аудан әкімінің айтуынша, екі басты міндет - аурудың таралуын тоқтату, инфекция көзін анықтау.

 «Мыңбаев атындағы ауылда 1 маусымда бұзау ауырып, сол күні өліп қалған. Жағдай туралы ақпарат бірден облысқа   жеткізілді. 2 маусымда ветеринариялық инспекция және ветеринария басқармасы басшыларының жетекшілігімен мамандар келді. Бұдан басқа, ауылға малдарды қарау үшін ветеринарлық қызметтен бригада жіберілді.

Қан талдауы мен патматериалдар зертханада зерттелуде. Нәтижесі дайын болғанша, алдын алу ретінде малдарға антибиотик егіліп жатыр. Сондай-ақ ветпрепараттармен, залалсыздандыратын құралдармен малдарды өңдеу жұмысарды жүргізілді», - деді аудан басшысы Н. Омарханов.