Қарағанды облысында ірі кәсіпорындар ауыр жүк көліктері ойып кеткен жолдарды жөндейтін болды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды облысы әкімдігінде өткен аппараттық жиналыс барысында жолдар мәселесі талқыланды. Аймақ басшысы Ерлан Қошанов өнеркәсіп кәсіпорындарының ауыр техникасы елді мекендердегі жолдарды қирататынын атап өтті. Облыс басшысы бұл мәселені қарастыруды тапсырды, деп хабарлайды өңірлік әкімдіктің баспасөз қызметі.
«Бүгінгі таңда облысымыздағы жолдардың 25%-ының жағдайы мәз емес. Бұл жолдарды ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының ауыр техникасы бұзған», - деді Ерлан Қошанов.
Мысал ретінде облыс әкімі жуырда ғана іс сапары барысында жүріп өткен Қарқаралы-Қарағайлы тас жолын келтірді. Бұл жолмен және кент ішіндегі жолдармен «ҚарМыс», «Қазақмыс» Корпорациясы», «Алайғыр» компанияларының жүк көліктері жүреді.
«Бұл жолдарды қалыпта ұстауға қаншама бюджеттік қаражат жұмсалды. Бір жылдың ішінде оның барлығын бұзып тастаған. Қарағайлы кенті көшелерінің бойымен көптонналы ауыр көліктер жүрген. Тек көлік инспекциясы мен жергілікті полиция қызметінің араласуымен ғана елді мекен ішінде ауыр көліктерге жүруге болмайды деген тыйым салу белгісі қойылған. Содан соң ғана тәртіп орнатыла бастады. Бүгінгі күні ол компаниялар жолды қалпына келтіре бастады», - деді Ерлан Қошанов.
Облыс әкімі осы секілді жайттар барлық жерлерде кездесетінін де айтты. «Бұқар Жырау ауданындағы Ботақара-Тоғызқұдық облыстық маңызы бар жолда да «Сәт-Көмір» және «Разрез Кузнецкий» көмір разрездерінің үлкен көліктері жүреді», - деп атап өтті облыс әкімі.
Аймақ басшысы Жолаушы тасымалдау көлігі және автомобиль жолдары басқармасына Көлік инспекциясы және аудандық әкімдермен біріге отырып, ірі өнеркәсіп кәсіпорындары пайдаланатын облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың жағдайын сараптап шығуды тапсырды.
«Осы секілді кәсіпорындар жолдарды жөндеу және қалыпта ұстауда көмектерін тигізулері керек. Бұл мәселені қарастыру қажет. Кенттердің және ауылдардың көшелерімен ауыр жүк көліктерінің жүруіне тыйым салынатын белгілер орнатқан жөн», - деді Ерлан Қошанов.
Аппараттық жиналыста сонымен қатар автожолдардың шұңқырлы жөндеу жұмыстарының сапасын қадағалау қажеттілігі де талқыланды. 2017 жылы республикалық маңызы бар автожолдардың ойлы-шұңқырлы жерлерін жөндеу жұмыстарына 460 млн. теңге, облыстық жолдарға - 805 млн. теңге бөлінген. Облыс әкімі барлық қалалар мен аудандардағы жұмыс сапасының сараптамасын талап етті.
Ерлан Қошанов, сонымен қатар, адам өлімі болған жол апаттары туралы да тоқталды. «Өткен аптада Қарағандыда 9 жасар бала қайтыс болды. БАҚ апат болған жерде жолақ жоқ екенін, және де жаяу жүргіншілер белгісі тек жолдың бір шетінде ғана болғаны, оның өзі ағаш бұталарымен жабылып қалғаны туралы жазып жатыр. Тұрғындар наразы. Осыған дейін әкімдікке бірнеше рет өтініш жазғандарын, бірақ бұл мәселе шешілмегенін айтады», - деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы Қарағанды қаласы әкіміне және жергілікті полиция қызметінің басшылығына жол белгілерін тексеріп шығуды тапсырды. «Ағаштар өсіп кеткен жерлерде бұталарды кесу керек. Белгілер көзге көрініп тұруы қажет! Бұл тек Қарағандыға ғана қатысты емес. Барлық аймақтарда осындай жұмыстар атқарылуы тиіс», - деді Ерлан Қошанов.