Қарағанды облысында кәсіпкерлер ішкі мемлекеттік аудит қызметін пайдаланады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының Ішкі мемлекеттік аудит департаменті Кәсіпкерлер палатасымен бірігіп жұмыс істейтін болады, деп хабарлайды Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Қарағанды облысында кәсіпкерлер ішкі мемлекеттік аудит қызметін пайдаланады

Баспасөз мәлімтеттеріне қарағанда, кәсіпкерлер палатасы мен Қарағанды облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті өзара серіктестік туралы меморандумға қол қойды. Екі жақ бюджеттің орындалуы және жоспарлануы, мемлекеттік сатып алу және қаржылық есеп саласында өзара қарым-қатынас туралы келісім жасады.

«Бизнесте әрдайым мемлекеттік сатып алу, жүйе құраушы компаниялардың, квазисектордың сатып алуы саласында проблемалар болған. Кәсіпкерлер жиі қателіктерге орын береді, мемлекеттік сатып алу саласында болып жатқан жаңалықтар мен өзгерістерді қадағаламайды. Енді палата мемлекеттік аудит сарапшыларын жұмылдыра алады, олар өз кезегінде белгілі бір қателіктерді жіберіп алмау туралы кеңес береді», - деді Аймақтық палата директоры Ернар Күлпейісов меморандумға қол қою рәсімінде.

Өзара серіктестік экономикалық және қаржылық қылмыс пен заңбұзушылықтардың алдын алуға, анықтауға және жоюға септігін тигізеді, бюджетті дұрыс жоспарлауға және орындауға көмектеседі.

Қарағанды облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментіне биылғы жылдың өзінде 1000-нан астам үндеу тасталған, оның 70 пайызы қаралып үлгерді.

Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің жетекшісі Алмас Каукитаевтың айтуынша, өзара серіктестік Қарағанды облысында кәсіпкерлік бастамаларды жүзеге асыру үшін оң заңнамалық, экономикалық және әлеуметтік жағдай жасауға септігін тигізеді.

Кездесу барысында екі жақ кәсіпкерлердің құқықтары мен міндеттеріне қатысты түйіткілді мәселелерді өзара келісе отырып шешу мәмілесін жасады.