Қарағанды облысында кәсіпкерлікпен әріптестік аясында 14 жоба қолға алынды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша жүзеге асырылатын жобалар тізімі құрылды. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатқаны туралы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ораз Тәуірбеков аппараттық жиын барысында баяндап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қарағанды облысында кәсіпкерлікпен әріптестік аясында 14 жоба қолға алынды

Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, 2017 жылы салалық басқармалар жалпы сомасы 7,4 млрд теңгені құрайтын мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі аясында 21 келісімшартқа қол қойды. Оған қоса, тағы 9 жобаны жүзеге асыру басталды. Олардың сегізі бойынша осы жылдың наурызында келісімшарттарға қол қойылды. Келісімдердің жалпы сомасы - 1,3 млрд теңге. Бұл жобалардың алтауы денсаулық сақтау саласына, бір-біреуден білім мен спорт салаларына қатысты.

«Салалық мемлекеттік органдардың, қалалар мен аудандардың әкімдіктерінің ұсынысы бойынша жүзеге асырылуға ұсынылған жобалар тізімі құрылды. Олардың саны - 111. Оның ішінде 55-і 2018-ші жылға барлық деңгейдегі бюджеттермен қарастырылған ағымдағы шығын шеңберінде жүзеге асырылуы мүмкін. 19 жоба бойынша қосымша қаражат қажет. 37 жоба жүзеге асыру барысында әріптестердің инвестициялық және операциялық шығындарын өтеуді қарастырады», - деді Ораз Тәуірбеков.

«Жеке қаржылық бастама ретінде ақпанда жалпы сомасы 3,3 млрд теңгені құраған 14 жоба жүзеге асырыла бастады. 12 жобаның бизнес жоспарлары сараптамадан өтуде, екеуі бойынша әлеуетті әріптестерден ұсыныстар қабылдау басталды. Мемлекеттік органдармен алға тартылған МЖӘ жобалары Аймақтық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп ұйымдастырылған форум барысында таныстырылды. Сараптамада оң қорытынды алатын жобаларды облыстық мәслихат депутаттары қарастыратын болады»,-делінген хабарламада.