Қарағанды облысында қаза тапқан полицейлер құрметіне мемориалдық тақта ашылды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қазақстан полициясы мерекесі қарсаңында Қарағанды облысы Шет аудандық полиция бөлімінің ауласында қызмет бабында қаза болған қызметкерлердің құрметіне мемориалдық тақта ашылды. Бұл жөнінде облыстық полиция департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.
None
None

Игілікті іс-шараға аудан әкімі Марат Жандәулетов, облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Құрманғали Ысмағұлов, аудандық полиция бөлімі басшылығы мен жеке құрамы және ішкі істер органдарының ардагерлері қатысты.

Мемориалдық тақтаны аудан әкімі Марат Жандәулетов пен облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Құрманғали Ысмағұловқа ашты.  Тақтаны ашқан соң қаза болған қызметкерлердің құрметіне гүл шоғы қойылып, бір минуттық үнсіздік жарияланды. Аспанға үш мәрте оқ атылды.

«Ерлік пен батылдық, ержүректік - тәртіп сақшыларының бойынан табылатын қасиеттер. Бүгін біз ерте кеткен полиция қызметкерлеріне тағзым етіп, мемориалдық тақтаны ашып отырмыз. Бұл үрдіс келешек ұрпаққа үлгі болары сөзсіз», - деді аудан әкімі Марат Жандәулетов.

Аудан әкімінен кейін сөз алған полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Құрманғали Ысмағұлов:  

«Қаза болған қызметкерлердің құрметіне арналған мемориалдық тақта полиция департаментіне қарасты барлық қала-аудандық ішкі істер органдарында ашылып жатыр. Біз қылмыспен күрес жолында ерлікпен қаза тапқан әріптестерімізді ешқашан ұмытпаймыз. Керісінше, олардың жасаған ерліктерін кейінгі жастарға дәріптеп, ерлігіне бас иеміз», - деп атап өтті.

Салтанатты шара барысында полиция ардагерлері де сөз алып, осындай ілкімді іс-шара өткізуге қолқабыс еткен аудан әкіміне және департамент басшылығына алғыс айтты.

Полиция полковнигі Құрманғали Ысмағұлов аудандық полиция бөлімінің бастығы Ержан Орымбековке департамент басшылығының атынан екі қызметтік «Нива» автокөлігінің  кілтін табыс етті. 

Іс-шара аудандық мәдениет үйінде жалғасып, аудан әкімі қатарынан оза шапқан бірқатар тәртіп сақшыларын құрмет грамотасы және алғыс хаттармен марапаттаса, департамент бастығының бірінші орынбасары Құрманғали Ысмағұлов мерекеге орай бірнеше тәртіп сақшысына Ішкі істер министрі және облыстық полиция департаменті бастығының бұйрығымен марапаттады.

Кеш соңы аудандық мәдениет үйі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен дайындалған концерттік бағдарламамен аяқталды.

 

Соңғы жаңалықтар