Қарағанды облысында ҚАЖД өкілдері пайдаланған қағазды тапсырып, орнына көшет сатып алмақ
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі (ҚАЖ) департаменті қағазды өңдеуге тапсырып, одан түскен қаражатқа ағаш көшеттерін сатып алуды көздеп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Күн сайын департамент қызметкерлері мол көлемде кеңсе қағаздарын пайдаланады, пайдаланылған қағаз кейін қоқысқа тасталады. Осы ретте ҚАЖ департаменті бастығының міндетін атқарушы Бекболат Шәкіров пайдаланылған қағазды қайта өңдеу пункттеріне тапсыру туралы бастама көтеріп отыр. Одан түскен қаражатқа ағаш көшеттерін сатып алу жоспарлануда.
«Өздеріңіз білетіндей, әлемдегі экологиялық ахуал мәз емес. Адамның күнделікті тыныс-тіршілігімен қоршаған ортаны ластайтын қоқысауқымы да өсіп келеді. Бүгінгі таңда облыста ПЭТ-бөтелкелерді, полиэтилен пакеттерді, қағазды, картонды қабылдайтын және бұл үшін ақша төлейтін бірнеше пункт жұмыс істейді. Жалғыз шарт – барлық қайта өңдеу және ПЭТ бөтелкелер таза болуы керек. Біз облыс тұрғындарына өнеге бола отырып, оларды табиғатты қорғауға шақырамыз!» – дейді Бекболат Шәкіров.