Қарағанды облысында кокстан белсендірілген көмір өндіріледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2017 жылы Қарағанды облысында ұсақ арнайы кокстан белсендірілген көмір өндіру көзделген. Бұл туралы облыс әкімдігінде көмір өнеркәсібіндегі жағдай бойынша өткен кеңесте «Шұбаркөл көмір» АҚ президенті Кемал Усманов мәлімдеді, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
«Ұсақ арнайы кокстан белсендірілген көмір өндіруді ұйымдастыру» жобасы Энергетика министрлігінің Жол картасына енгізілді. Оны жүзеге асыруға 40 млн теңгеге жуық қаржы салынды. 2017 жылдың тамызына қарай осы өнімнің өндірісі үшін тәжірибелік-өнеркәсіптік құрылғыны іске қосуды жоспарлап отырмыз. Оның қуаттылығы - жылына 1000 тоннаға дейін болады», - деп атап өтті Кемал Усманов.
Бұл көмірді терең өңдеу технологиясына қатысты.
«Өткізу нарықтары бар. Қазақстанда белсендірілген көмір тұтыну жылына шамамен 3 мың тоннаны құрайды. Өнім негізінен алтын өндірісінде қолданылады. Перспектива бар», - дейді Кемал Усманов.
Жоба импортты алмастыруға бағытталған. Қазіргі кезде белсендірілген көмір Ресей, Украина және Қытайдан әкелінеді.