Қарағанды облысында көмірді жазда да сатып алуға болады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов көмір өндіруші кәсіпорындар және «ҚТЖ - Жүк тасымалы» АҚ облыстық бөлімінің басшыларын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық әкімдіктің сайтына сілтеме жасап.
Онда тұрғындардың қыстың түсуін күтпей-ақ жазда көмір сатып алуы үшін қажетті жағдайларды жасау туралы шешім қабылданды.
«Былтырғы жағдайды ескере отырып, биыл кәсіпорындар көктем-жаз мезгілдерінде аршу жұмыстарының көлемін, сондай-ақ көмір тиейтін техникалардың санын арттыру бойынша қосымша шаралар қарастыруға шешім қабылдады. Қарастырылып жатқан шаралар кәсіпорындардың көмір өндіру көлемін ұлғайту қамтамасыз етеді. 2017 жылы 32 млн тонна көмір өндірілген болатын, ал биыл оны 38 млн тоннаға дейін, яғни 19% арттыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ тұрғындарға арналатын коммуналдық-тұрмыстық көмір өндіру көлемі 1 млн тоннаға немесе 25% арттырылады», - дейді Өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Ғалымжан Жұмасұлтанов.
Облыста коммуналдық-тұрмыстық көмір жеткізумен алты кәсіпорын айналысады. 2018 жылы көмір өндіруші кәсіпорындар тұрғындарға арналған көмір өндіру көлемін шамамен 5 млн тоннаға жеткізбек. «Шұбаркөл премиум» АҚ көмір өндіру көлемін екі есе арттыруды жоспарлап отыр. Биыл «Кузнецкий» кенішінен көмір қайта өндіріле бастады. Абай ауданында «Соқыр көмір» компаниясы жаңа көмір кенішін қазуға кіріспек.
Қалалар мен аудандардың әкімдеріне кеніштердегі аршу жұмыстарының орындалуын және техниканың көмірді тиеуге дайын болуын қадағалау тапсырылды.
Облыста тұрғындардың суық түсуін күтпей-ақ жазда көмір сатып алуы үшін қажетті жағдайларды жасалып жатыр. Жылуды қазандықтардан алатын бюджеттік ұйымдар да көмірмен дер кезінде қамтамасыз етіледі.
Бұдан тыс, облыс әкімі тұрғындарға қай жерден көмір сатып алуға болатынын жеткізуді тапсырды. Қарағандыда жеке секторды аралайтын көшпелі топтар құру жоспарланып отыр.