Қарағанды облысында көпбалалы отбасылар балабақшаларда 50% жеңілдік алады
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдау бағытындағы Елбасының тапсырмасын орындау мәселелері талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, білім саласы бойынша алты бағыт қарастырылған.
«Сондай шаралардың бірі - көпбалалы отбасыларға балабақшаларда тамақтану төлеміне 50 пайыздық жеңілдік қарастырылған. Мысалы, Қарағандыда балабақшаға бару айына 11 мың теңге тұрады. Егер отбасында үш бала болса, онда қиындық тудыратыны белгілі. Бекітілген ережелерге өзгерістер енгізуге уақыт керек. Біз өз ұсынысымызды бердік. 2019 жылдың 1 қыркүйегінен бастап норма енгізіледі», - деп хабарлады Білім басқармасының басшысы Есенғазы Иманғалиев.
Оның сөзінше, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың бастауыш сыныпта оқитын балалары үшін мектептерде тегін ыстық тамақ беру қарастырылған. Бұл мақсатта бюджеттің 107, 4 млн теңгесі жұмсалады.
Басқа да қолдау шаралары бойынша 1-4 сынып оқушыларына ұзартылған топ, мектеп жанындағы лагерьлерде 1-9 сынып оқушыларына тегін демалыс ұйымдастырылады. Ол үшін де қаражат қарастырылған.
5,5 млрд теңге тегін техникалық білім беруге қарастырылған. Бұл ақша 800 грантқа жеткілікті.
Жәрдемақының жаңа жүйесі көпбалалы отбасыларға қалай әсер ететіні туралы Жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова мәлім етті.
2019 жылдың 1 шілдесінен Қазақстанда кедейшілік шегінің көрсеткіші 50-ден 70 пайызға дейін көтеріледі - 14 849-нан 20 789 теңгеге. Бұдан бөлек, аз қамтылған отбасыларға ай сайын 20 789 теңге көлемінде көмек көрсетіледі.
«Мәселен, төрт бала тәрбиелейтін ананың ай сайынғы табысы 50 мың теңге делік. Бүгінде ол 22 446 теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек алып отыр. 1 шілдеден бастап осындай кіріспен отбасы 94 мың теңге алады, яғни жәрдемақы 4 есе өседі», - деп мысал келтірді Әсем Жүніспекова.
Оның мәліметінше, бүгінгі таңда облыста атаулы әлеуметтік көмекті 2100 отбасы алады, бұл 10 600 адам деген сөз. Жаңа жүйе бұл көрсеткішті ұлғайтатыны күтілуде.
Көмекке мұқтаж барлық отбасыларды анықтау үшін әлеуметтік қорғау қызметінің мамандары аулаларды аралайтын болады.
Сонымен қатар, 1 маусымнан бастап облыстың ірі қалаларында көпбалалы аналарға қоғамдық көлікте тегін жүру мүмкіндігі беріледі.