Қарағанды облысында көршінің үйінде шыққан өрттен бірнеше адам қаза тапты
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Балқашта өрт салдарынан екі жасар бала мен оның ата-анасы және бір қабат төмен тұратын көршісі қаза тапты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Бес қабатты тұрғын үйде шыққан өрт салдарынан бірінші және екінші қабатта тұрған төрт адамның мәйіті табылды.
Қарағанды облыстық ТЖ департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, №45 өрт сөндіру және апаттық-құтқару қызметіне апат туралы хабар 22:43-те келіп түскен.
«Кіреберістегі пәтерлерден 14 адам эвакуацияланды. Пәтерлерді тексеру барысында екінші қабаттан үш адамның - ер кісі, әйел адам мен баланың мәйіті табылды. Бұл пәтерде өрттің шығу белгілері табылмады», - деп мәлімдеді ТЖ департаментінің баспасөз қызметіндегілер.
Тілсіз жау үйдің бірінші қабатынан бастау алған. Өрттің аумағы 30 шаршы метрді құрайды.
«Аумақтағы өрт сағат 23:35-те ауыздықталды. Өрт сөндіру барысында бөлмелердің бірінен осы пәтерде тұрған ер кісінің мәйіті табылды. Өрттің себебі анықталуда», - деп хабарлады ТЖ департаментінің баспасөз қызметіндегілер.