Қарағанды облысында қылмыстық топтан тапаншалар мен патрондар табылды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында жалған шот-фактуралар берумен айналысып келген қылмыстық топтан қару-жарақ пен оқ-дәрілер табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қарағанды облысында қылмыстық топтан тапаншалар мен патрондар табылды

ҚР Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің Қарағанды облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері қылмыстық топты әшкереледі. Олар жалған шот-фактуралар берумен айналысқан. Тергеу барысында қылмыстық топтан заңсыз сатып алынған және сақталып келген қару-жарақ пен оқ-дәрілер табылды. Нақты айтқанда, 4 тапанша мен 133 патрон тәркіленді.

«Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 287-бабының 2-бөлігіне сәйкес (қаруды, оқ-дәрiлердi заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) сотқа дейінгі тергеу басталды», - деді Қаржы мониторингі комитетінен.