Қарағанды облысында мас еркек жедел жәрдем бригадасына шабуыл жасады
ШАХТИНСК. ҚазАқпарат – Мас ер адам әйелінің құлағына шанышқы шаншығанын айтып, жедел жәрдем бригадасын шақыртқан. Алайда зардап шеккен әйелді қарауға фельдшерді жібермейтінін мәлімдеп, есігін жауып алған. Біраз уақыттан соң бұзақы дәрігерлердің өзіне шабуыл жасап, көлікті зақымдаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиға 27 қыркүйекте Қарағанды облысының Шахтинск қаласында орын алды. Жедел медициналық көмек қызметінің диспетчерлік пультіне бір ер адамнан әйелінің құлағына шанышқы қадап жібергені туралы қоңырау келіп түсті. «Жедел жәрдем» бригадасы шақырту орнына шығып, осы жағдай туралы полицияға хабарлаған.
«Әйел зардап шекті деген шақырту келіп түсті. Алайда, біздің бригада қажетті қабатқа көтерілген кезде ер адам есікті ашпады. Ол жабық есік арқылы дәрігерлерді полициясыз кіргізбейтінін айтып, айқайлай бастады. Біздің қызметкерлер сыртқа шығып, көлікке отырған. Бес минуттан соң ер адам шығып, дауыс көтерді», - дейді Шахтинск аймағы бойынша шұғыл көмек көрсету қосалқы станциясының меңгерушісі Ирина Багина.
Бұзақы кірпіш алып, жедел жәрдем көлігіне қарай лақтыра бастаған. Осылайша мас адам капот пен әйнекті зақымдады.
«Бақытымызға орай, фельдшерлер зардап шеккен жоқ. Бұл жедел жәрдем бригадасына шабуыл жасаған алғашқы жағдай емес. Дәрігерлеріміз осындай жағдайда не істеу керектігін біледі. Жүргізуші бірден көлікті оталдырды. Алайда, ер адам жол бермей, дөңгелектің астына түсуге ұмтылды. Келесі күні фельдшерлерді полиция учаскесіне шақыртып, біздің мамандар шағым жазды», - деді Ирина Багина.
Айта кету керек, бұл азаматтың мас күйінде әйеліне қол көтеруі бірінші рет емес.
«Екі дерек те полицияда тіркелген. Учаскелік полиция қызметкері оқиға орнынан 36 жастағы ер адамға қатысты материал жинап, оны алкоголизмнен мәжбүрлеп емдеуге жіберді. Бүгінгі таңда ол Саран қаласының МЕПМ-де жатыр», - деп түсіндірді Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.
Зардап шеккен әйелді жедел жәрдем бригадасы қарап шығып, жарақат таңу бекетіне жеткізді. Ол дәрігерлердің қорытындысы бойынша үйіне амбулаторлық емделуге жіберілді.