Қарағанды облысында мәслихат депутаттығына үміткердің 24-і сайлауға қатысудан бас тартты
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында мәслихат депутаттығына өзін өзі ұсынған үміткердің 24-і өз еріктерімен сайлауға қатысудан бас тартты. Бұл туралы облыстық сайлау комиссиясынан хабарлады.
«19 ақпанда мәслихат депутаттығына үміткерлерді тіркеу аяқталды. Аумақтық сайлау комиссияларының ұсынған мәліметтері бойынша, барлығы 952 үміткер тіркелген. Округтік сайлау комиссияларымен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттығына 927 үміткер тіркелген», - деді брифингіде облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ерқара Аймағамбетов.
Облыстық сайлау комиссиясының мәліметтерінше, 25 тіркелмеген үміткердің 24-і ерікті түрде өз кандидатураларын алып тастады, ал біреуін тіркеуден бас тартылды. «Әрбір үміткер сайлауға қатыса ма жоқ па оны өзі таңдайды. Яғни осы үміткерлер тіркеуге дейін өтініш жазып, өз кандидатураларын алып тастады», - деп түсіндірді облыстық сайлау комиссиясының хатшысы Наталья Баталова.
Еске сала кетсек, ҚР Парламенті Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауы 2016 жылдың 20 наурызына белгіленген.