Қарағанды облысында негізгі ауру түрлерінен қаза болу деңгейі төмендеді
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Аймақта қан қысымынан, жарақаттану және онкологиялық ауру салдарынан ажал құшқандар саны азайды. Бұл мәліметтер Денсаулық сақтау министрлігінің биылғы жылдың 6 ай қорытындысы бойынша өткізген алқа отырысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Қарағанды облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Ресми мәліметтерге сай, Қарағанды өңірінде қан қысымы жүйесі ауруларынан қаза болу 5,7% төмендеген. Мысалы, соңғы 5 жылда ауыр инфаркт дертінен қаза болу 24,8% азайған. Сонымен қатар, 1-жартыжылдық қорытындысы бойынша облыста ми қан қысымы жүйесінің бұзылуы салдарынан болатын аурулар 16,3%, ал өлім жағдайлары 8,5% азайған. Жедел жәрдем қызметін модернизациялаудың арқасында науқастарды инсульт орталықтарына уақтылы жеткізу 91,1% артты.
Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Ержан Нұрлыбаевтың сөзінше, қан қысымы жүйесі ауруларынан қаза болу деңгейін азайту - медициналық қызметкерлер алдында тұрған басты міндеттердің бірі.
«Инфаркт пен инсульт жастар арасында да өте қауіпті. Сондықтан біз оның алдын алуға бар күшімізді саламыз. Әркім қан қысымын, қандағы қант мөлшерін және холестеринді өлшей алады. Ол үшін өз емдеуші дәрігеріңе барып, емханада профилактикалық тексерістен өту керек», - дейді Ержан Нұрлыбаев.
Сондай-ақ тексеру кабинеттерінің жұмысы арқасында онкологиялық аурулар ерте анықтала бастаған. Бастапқы 0-1 кезеңде қатерлі ісікті анықтау 9,3% артты. Осының нәтижесінде 1-жартыжылдық бойынша қатерлі ісіктен қаза болу деңгейі 22,1% төмендеді.
Жалпы алғанда, қайғылы оқиғалардан, жарақаттану мен уланудан болатын өлім жағдайлары 3,4% азайды. Бала өлімі 2019 жылдың 6 айында 10,3% азайған.
«Бұл көрсеткіштерге біз медициналық ұйымдар мен 2016 жылы ашылған ситуациялық орталықтардың бірлескен жұмысы арқасында қол жеткізіп отырмыз. Бүгінде Қарағандыда негізгі бағыттар бойынша 8 орталық жұмыс істейді: жарақаттану, инсульт, түберкулез, инфаркт, хирургиялық орталық, жұқпалы аурулар орталығы және жедел жәрдем қызметінің бірлескен диспетчерлік жүйесі»,- деп атап өтті басқарма жетекшісі.