Қарағанды облысында «Оқырман отбасы – 2021» байқауы қорытындыланды
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында «Оқырман отбасы – 2021» байқауы аяқталды. Оған 2 мыңнан астам отбасы мен 5 мыңнан астам бала қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша облыста балаларды кітап оқуға тарту бойынша ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылуда. «Оқу мектебі» жобасы аясында мектеп кітапханаларының қорын толықтыруға 135 331 бірлік көркем әдебиет сатып алынды. Алғаш рет мектеп кітапханашыларының форумы өтті. Оқушылардың оқуға деген қызығушылығын арттыру үшін буккроссинг, 20 минуттық оқу, 100 кітап және басқа да жобалар жүзеге асырылуда. Отбасылық оқу дәстүрлерін жаңғырту үшін 2019 жылдан бастап өңірде «Бір отбасы – бір кітап» акциясы басталды, оған 15 мыңнан астам бала мен ата-ана қатысты. Осы іс-шара аясында биыл «Оқырман отбасы» байқауы басталды», – деп хабарлады Білім басқармасынан.

«Оқырман отбасы» байқауының финалына 14 отбасы өтті. «Буктрейлер» номинациясын Балқаш қаласында тұратын Халабаевтар отбасы жеңіп алды. «Сахналық көріністе» қарағандылық Мағжан отбасы бірінші болды. Жезқазғаннан келген Өтетілеуовтар «Ең шығармашыл отбасы» атанды. Ал Осакаров ауданының Афей отбасы «Көрермендер көзайымы» сыйлығына ие болды.
Жеңімпаздар дипломдармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды.
