Қарағанды облысында полиция бір түннің ішінде ойын-сауық мекемелерінде жүрген 45 жасөспірімді анықтады
ҚАРАҒАНДЫ. 23 ақпан. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында өткен түні полиция қызметкерлері ойын-сауық мекемелерде жүрген 45 жасөспірімді анықтады. Бұл туралы облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі хабарлады.
«Түнгі уақытта жасөспірімдерді ойын-сауық мекемелеріне кіргізгені үшін әкімшілік тәртіпте мекеменің 7 иесі жауапқа тартылды. Сонымен қатар, балалардың ата-аналары да әкімшілік жауапқа тартылды. Кейбір ата-аналарға ескерту жасалды», - делінген хабарламада.
Оған қоса, 21 жасқа толмағандарға ішімдік сатқаны үшін 11 дүкен иесі әкімшілік тәртіп бойынша жауапқа тартылады. Кәмелеттік жасқа толмағандарға темікі сату бойынша 12 оқиға анықталды.
«Бір түннің ішінде облыстық ішкі істер органы мекемесіне кәмілеттік жасқа толмаған 105 жасөспірім келіп түсті. Әртүрлі бұзушылық әрекеттер жасаған 28 жасөспірім мен баланы тәрбиелеу бойынша міндеттерді атқармаған 23 нашар отбасы ішкі істер органының есебіне алынды», - делінген хабарламада.
ІІД-нің берген мәліметіне қарағанда, бүгінгі күні 1816 «бұзақы» жасөспірім мен 2462 нашар отбасы полицияның есебіне тұр.
Жасөспірімдер арасында орын алатын бұзақылық пен қылмыстың алдын алу мақсатында Қарағанды облысының аумағында 23-25 ақпанда «Жасөспірім» жедел алдын алу шарасы өтеді.