Қарағанды облысында полиция боранды күнде жолға шыққан жүргізушілерді жазаламақ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағандылық полицейлер заңды талапқа бағынбаған жүргізушілерді жауапқа тартпақ – деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Сайттағы мәліметтерге қарағанда, 5 қаңтар күні ауа райының қолайсыздығына байланысты Алматы – Екатеринбург тасжолының Қарағанды және Балқаш қалаларының учаскесі басқа да республикалық маңызы бар тасжолдар сияқты жабылған болатын.
Азаматтардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында Балқаш қаласынан шыға беріс жолға қалалық полиция бөлімі қызметкерлерінен блокпост қойылды.
Полиция қызметкерлері қоған шектеулерге қарамастан, үш жүргізуші полицияның заңды талаптарына бағынбай Қарағанды қаласына қарай жолға шығып кеткен.
Сол күні сағат 20:00 шамасында полиция қызметкерлері Қарағанды қаласында 41 жастағы елорда тұрғынының басқаруындағы Hyundai Creta автокөлігін тоқтатты. Көлік тізгінінде отырған әйелге қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 667-бабына сәйкес хаттама толтырылды.
7 қаңтар күні облыстық Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының іздестіру бөлімі қызметкерлері Түркістан қаласының 37 жастағы тұрғынының басқаруындағы Toyota Prado және Астана қаласының 32 жастағы тұрғынының басқаруындағы Lada-21144 көлігін анықтады.
Құқық бұзушыларға Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 667-бабы «Құқық қорғау органы қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбау» бойынша хаттама толтырылды. Бұл баптың санкциясына сәйкес құқық бұзушыларға айыппұл немесе 15 тәулікке қамауға алу әкімшілік жазасы көзделген. Жинақталған материалдар жүргізушілердің тұрғылықты жерлері бойынша шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді.
Қарағанды облысы Полиция департаменті жүргізушілерден ауа райы болжамдарына назар аударып, жол жабылған жағдайда жолға шықпауды, сондай-ақ полицияның заңды талаптарын орындау керектігін ескертеді.