Қарағанды облысында Сенатқа депутаттарды сайлау қайда өтеді

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында сенатор мандатына 3 адам үміткер. Парламенттің жоғарғы палатасына сайлау 14 қаңтарда Қарағанды кеншілер мәдениет сарайының ғимаратында өтеді. Дауыс беруге сайлаушылар – облыстың барлық деңгейдегі мәслихаттарының депутаттары жиналады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды облысында Сенатқа депутаттарды сайлау қайда өтеді

Қарағанды өңірінің әкімдігінде облыстық сайлау комиссиясының бастамасымен Сенат депутаттарын сайлауды ұйымдастыру бойынша бірлескен кеңес өтті.

«Қарағанды облысында Сенат депутаттығына 7 кандидат ұсынылды. Үш кандидат тіркелді: облыстық мәслихат депутаты, коммерциялық құрылымның қызметкері және қоғамдық ұйымның өкілі», - деді Қарағанды облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Қайрат Нүркенов.

Облыстық сайлау комисссиясының ақпараты бойынша келесі үміткерлер тіркелді:

- Қарағанды облыстық мәслихатының хатшысы Серік Өтешов. Кандидатурасын Нұра және Осакаров аудандарының мәслихаттары ұсынды;

- Қарағанды облысы бойынша жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының басшысы Мұрат Әбілов. Өзін-өзі ұсынған;

- Қарағанды облысы Кәсіподақ орталығы төрағасының орынбасары Татьяна Шатохина. Өзін-өзі ұсынған.

Қазіргі уақытта үгіт-насихат науқаны жүріп жатыр, кандидаттар сайлаушы депутаттармен кездеседі. 13 қаңтарда тыныштық күні жарияланады.

Кеншілердің мәдениет сарайында барлық қажетті жағдайлар қамтамасыз етіледі.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев барлық ұйымдастыру мәселелерін толық шешуді тапсырды.

«Үздіксіз интернет байланысын, дауыс беру орнын материалдық-техникалық жарақтандыруды және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету қажет», - деп атап өтті өңір басшысы.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының Жарлығымен ҚР Парламенті Сенатының депутаттарын сайлау 2023 жылғы 14 қаңтарға белгіленді.

Сенатты қалыптастыру тәртібі ҚР Конституциясында айқындалған. Парламенттің жоғарғы палатасында әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Астанадан екі адам ұсынылған. Сенат депутаттары жанама сайлау құқығы негізінде мәслихат депутаттарының жасырын дауыс беруімен сайланады. Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі алты жылды құрайды. Бұл ретте, олардың тең жартысы әр үш жыл сайын қайта сайланады.