Қарағанды облысында сервистік полиция қалай жұмыс істейді
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында ҚР Ішкі істер министрлігімен және Нұр-Сұлтандағы ЕҚЫҰ бағдарламалар офисімен ынтымақтастықта 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап «Қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі сервистік тәсіл» пилоттық жобасы іске қосылды.
Жобаның негізгі мақсаты – пилоттық аумақтың проблемаларын кешенді және жан-жақты зерделеу, қоғамдық қауіпсіздік пен тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешуге жергілікті халықты барынша тарту.
Жоба шеңберінде Қарағанды облысы әкімінің өкімі негізінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ведомствоаралық топ (МГОБ) құрылды. Оның құрамына қоғам өкілдері, ішкі істер органдары, прокуратура, денсаулық сақтау, білім беру, халықты әлеуметтік қорғау, жергілікті атқарушы орган өкілдері кірді.
Тұрақты негізде жұмыс істейтін ведомствоаралық топтарды құру халықаралық тәжірибе болып табылады. Мысалы, олар Канада мен Ұлыбританияда сәтті жұмыс істейді және «Қылмыс пен тәртіпсіздікті азайту бойынша серіктестік» деп аталады.
Жұмысқа кіріспес бұрын ведомствоаралық топ мүшелері халықаралық ұйымдар – ЕҚЫҰ және БҰҰДБ сарапшыларының қауіпсіздік мәселелерін шешудегі аналитикалық тәсілдеріне оқытылды.
2020 жыл ішінде МГОБ Қарағандының Орталық секторында 97 536 адам санымен деректер жинады және қауіпсіздікпен байланысты проблемаларға талдау жүргізді.
Алынған деректерді шоғырландыру негізінде «пилоттық» аумақтағы қылмыстық белсенділікке қатысты негізгі проблемалық мәселелер анықталды. Талдаудың өзі анықталған проблемаларды, халық (6 мыңнан астам адам) пен сотталғандар арасында жүргізілген сауалнама нәтижелерін, жергілікті халықпен әріптестік өзара қарым-қатынастарды орнату тәсілдерін, процестерді цифрландыру жөніндегі ұсынымдарды және одан әрі даму әлеуетін егжей-тегжейлі сипаттай отырып, 400-ден астам бетті құрады.
Қарағанды облысында қылмыс жасаған және бас бостандығынан айыру орындарындағы адамдарға сауалнама жасырын түрде жүргізілді.
Халықтың қатыстылығы қағидаты қауіпсіз өмір сүрудің чек-парақтарын енгізу кезінде қолданылды. Бірқатар тұрғындар қашықтық форматта чек-парақтар алып, өздері тұратын ауданды шолу нәтижелерін жіберді.
Талдаудың толықтығы үшін қоғамдық пікір зерттелді. Бұл зерттеуге Қарағанды қаласының орталық секторының 6 500-ге жуық тұрғыны қатысты. Сауалнама карантин шаралары енгізілгеннен кейін қоғамдық орындарда жүргізілді және онлайн форматта жалғасты.
Респонденттердің жауаптарын талдау негізінде қала халқы полициямен ынтымақтастыққа дайын деген қорытынды жасауға болады.
Ведомствоаралық топ сонымен бірге қоғамның полициямен серіктестігіне бағытталған кіші жобаларды жүзеге асыруда. Осындай кіші жобалардың бірі – киберволонтерлер қозғалысы.
2020 жылдың ақпан айынан бастап Қарағандыда интернетте тыйым салынған тауарлар мен қызметтерді сатумен байланысты қылмыстарды ашуға полицияға көмек көрсету үшін киберволонтерлердің мониторингілік тобы жұмыс істейді.
МГОБ-тың тағы бір маңызды қосалқы жобасы – отбасылық қатынастарды зерттеу орталығын құру. Өздеріңіз білетіндей, кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар көбінесе отбасыларда пайда болады. Орталық отбасылық қатынастардың ерекшеліктерін, инциденттердің себеп-салдары байланыстарын, жағдайларын және басқаларын жүйелі негізде зерделеуге мүмкіндік береді.
Осы жылы ведомствоаралық топ қызметінің географиясы кеңейтіліп, Қарағандының барлық аумағын қамтиды. Зерттеумен қаланың барлық полиция бөлімдері қамтылды.
2021 жылдың 3-тоқсанында Қарағанды облысында бас бостандығынан айыру орындарындағы барлық сотталғандарды қылмыс жасауға итермелеген себеп пен факторын зерттеуге бағытталған сауалнама жүргізілетін болады.
Сондай-ақ, Қарағандының 50 мың тұрғынына сауалнама жүргізу жоспарлануда.
Жоба нәтижелері бойынша полицияның, басқа да мемлекеттік органдардың және халықтың тұратын жерлерінде құқықтық тәртіпті сақтау үшін ортақ жауапкершілігі қағидатын әзірлеу күтілуде.