Қарағанды облысында шахтадан 162 адам қауіпсіз жерге көшірілді
АСТАНА. Мамырдың 17-сі. ҚазАқпарат - Қаарғанды облысында шахтада көміртектің (СО) тотығу шоғыры 0,1-0,2 пайызға артып, соның салдарынан 162 адам қауіпсіз жерге көшірілді,
деп хабарлады ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінен.
Оқиға Саран қаласындағы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қарасты Күзембаев атындағы шахтада мамырдың 15-і күні сағат 22:30-да орын алған.
«560 метрлік деңгейдегі бөлек көшкіннің жоғары бөлігінде көміртектің (СО) тотығу шоғыры 0,1-0,2 пайызға артуы орын алды», делінген баспасөз хабарламасында.
Осы мезетте шахтада 162 адам болған, олардың барлығы қауіпсіз жерге көшірілді. Құтқарушылардың ақпаратына сәйкес, зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Шахта жұмысы тоқтатылды.
Төтенше жағдайды жоюға «ВАСС «Көмір» РМКК-нің 50 маманы мен 13 техникасы және ҚР ТЖМ Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 2 маманы мен 1 техникасы тартылды.