Қарағанды облысында шенеуніктерге қатысты қылмыстық іс қозғалды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысы Осакаров ауданы Молодежный кенті әкімдігінің қызметкерлері жолдарды жөндеуге арналған бюджет қаражатын жымқырды деп айыпталуда. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет лауазымды тұлғаларға қатысты қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Молодежный кентінде жөнделген жолдардың сапасын тексеру жергілікті тұрғындардың шағымынан кейін басталды. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша кентішілік жолдарды жөндеуге 500 млн теңге бөлінген. Бұл қаражатқа 13 км жол ретке келтірілуі тиіс болатын. Алайда, жаңа асфальт бір жыл өтпестен бұзыла бастаған.

Дәлірек айтсақ, ауыл жолдарын жөндеу өткен жылдың қазан айында аяқталды. Жеті айдан кейін, осы жылдың мамыр айында жаңа жабында шұңқырлар пайда болды. Кейбір учаскелерде жөндеу тіпте екі рет жүргізіліп үлгерген.

Алайда, жергілікті әкімдік қызметкерлері жаңа асфальттың тез бұзылуына осы жолдармен жүретін жүк көліктері кінәлі деп отыр.

«Комаров көшесінде жарықтар пайда болды, өйткені мұнда ауыр жүк машиналары жиі жүреді. Бізде белгілер бар, бірақ көріп отырғанымыздай, ауыр жүк көліктері оларды елемей, осы жолмен жүре береді. Полицейлер осы кемшіліктерді бірігіп жою үшін атсалысуы керек», - дейді Молодежный кенті әкімі аппаратының бас маманы Светлана Ионова.

Жобалық-сметалық құжатқа сәйкес жаңа асфальт жабынының қалыңдығы 4 сантиметрді құрайды. Бұл жолдармен ауыр жүк көліктері жүруіне рұқсат етілуі үшін бұл көрсеткіш екі есе жоғары болуы керек, дейді мердігерлер.

Жағдайдың анық-қанығына жету үшін жергілікті тұрғындар әлеуметтік желілерде шағым жариялады. Оған облыстың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі ден қойып, тексеріс жүргізген.

«Әлеуметтік желілерге мониторинг жасай отырып, Молодежный кентінің тұрғынынан жолдардың сапасы туралы өтініш жарияланғаны анықталды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің араласуынан кейін жөндеу жұмыстары орындала бастады. Сондай-ақ, қылмыстық іс қозғалды», – деді «Сарыарқа – Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Малика Қүсенбаева.


Соңғы жаңалықтар