Қарағанды облысында шенеунікті салық төлеуден жалтарғаны үшін жазалады
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысы Осакаров ауданды әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысын көлікке берешегі және жалақыны басқа есепке аудару арқылы төлемнен жалтарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту ұсынылды, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Аудан прокурорының орынбарасы Асқар Әбдірахманов мемлекеттік қызмет істері департаментінің этика бойынша кеңес отырысында ол салықты 2012 жылдан бастап төлемегенін айтты. Екі көлікке берешек 240 мың 794 теңгені құрады.
«Оразбай Бутеевке қатысты атқарушылық өндіріс қозғалды. Ол төлем төлеу керектігі туралы бірнеше рет хабардар етілген, бірақ оған мән бермеген», - деді прокурор орынбасары Әбдірахманов.
«Лауазымды тұлға меморганның бас бухгалтерлеріне қысым жасап, оның жалақысынан өзі қарыз соманы ұстауға кедергі келтіріп отырған. Бутеев өз өтініші негізінде ұсталатын төлемді өз еркімен азайтқан. Соңғы алты айда бухгалтерия Оразбай Бутеевтің өтінішімен оның жалақысын күйеу баласына аударып отырған. Бутеев жеке шоты бұғатталғанын айтып, бухгалтерияны жаңылыстырған. Этика бойынша кеңеске шақыртылған Бутеев «КамАЗ» жүк көлігі үшін салық төлемегенін оны жалға бергендігімен түсіндірді. Ал жалақысын күйеу баласы мен қызына оларға қажет болған соң аударғанын айтты. Кеңес мүшелері дауыс беріп, әкімге шенеуніктің лауазымын төмендету туралы шешім қабылдады.
«Сіз Мемлекеттік қызмет туралы» және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңның 27-бабының талаптарын бұздыңыз. Қазіргі уақытта ескерту түрінде тәртіптік жазаңыз бар», - деді этика бойынша кеңес басшысы Жандос Сәрсенов.
«Мемлекеттік қызметші бола тұра, сіз қасақана сот шешімін орындаудан жалтардыңыз және мемлекеттік кірістер басқармасының талабын елемедіңіз. Сіздің әрекетіңіз мемлекеттік билік беделіне нұқсан келтіріп, мемлекеттік қызмет, тұтастай мемлекеттік орган жүйесінің имиджіне теріс ықпал етеді».