Қарағанды облысында су басу қаупі бар 158 елді мекен бақылауға алынды
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында су басу қаупі бар 158 елді мекен ерекше бақылауға алынды. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Мұрат Қатпанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі уақытта облыста су тасқыны жағдайы тұрақты. Қазгидромет мәліметтеріне сәйкес, Нұра, Шерубай-Нұра, Сарысу, Кеңгір, тоқырау өзендері бассейніндегі ылғал қорының көлемі Қазгидрометтің мәліметтері бойынша орташа көпжылдық мәннен 25-45% төмен.Топырақтың ылғалдануы Нұра, Кеңгір және Сарысу өзендерінің бассейндерінде нормадан 13-62% төмен, Шерубай-Нұра өзені бассейніндегі норма шегінде. Тоқырау өзенінің бассейнінде орташа көпжылдық мәннен 25% жоғары. Көктемгі су тасқынының алдын ала күтілетін көлемі өткен жылғы нормалардан төмен», - деді Мұрат Қатпанов.

Су тасқынына қарсы жұмыстар облыс әкімі бекіткен іс-шаралар жоспарына сәйкес жүргізіледі. Су басу қаупі бар 158 елді мекен ерекше бақылауға алынды. Халық үшін төтенше жағдай қаупі және оның туындауы кезіндегі іс-қимылдар бойынша арнайы ұсынымдар әзірленді.
Елді мекендерден 652 мың м3 жуық қар шығарылды. Бұл жұмыстар жалғасуда.
Сондай-ақ ұзындығы 8,9 км 7 канал және ұзындығы 7,1 км 6 арық тазартылды, ұзындығы 5,1 км су бұрғыш траншеяларға кесу жүргізілді.
Су тасқынымен байланысты төтенше жағдайлар салдарын жою үшін облыс аумағында 383 құрылым сақадай дайын. Олардың құрамында 8 мыңнан астам адам, 2400 бірліктен астам техника бар.
Жеке сектор тұрғындары өз аумақтарында алдын алу іс-шараларын уақытылы өткізуге шақырылды. Арық жүйесін дер кезінде тазарту, қар шығару және жеке тұрғын үй секторының тұрғындары қабылдайтын басқа да алдын алу шаралары маңызды болып табылады және аула аумақтары мен құрылыстарын су басудан сақтауға көмектесетіні айтылды.