Қарағанды облысында су тасу қаупі байқалмайды - өңір басшысы аймақтарды барлап шықты

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев су жүру қаупі бар учаскелерді тексерді. Өңірде су тасқынына қатысты жағдай тұрақты.
None

Космомониторингтің мәліметінше, бүгінде өңір аумағының 25%-ын қар басып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ТЖД бастығы Мұрат Қатпановпен бірге Нұра және Шерубай-Нұра өзендерінің арнасы бойынша Қарқаралы, Бұқар Жырау, Шет және Абай аудандарының су тасу қаупі бар учаскелерін көрді. Елді мекендердің жанындағы гидротехникалық құрылыстар, топырақ үйінділері мен бөгеттердің жайй-күйі зерттелді.

«Су тасқыны қаупі байқалмайды. Ақтоғай және Шет аудандарының солтүстік аумақтары, Бұқар жырау ауданының оңтүстік-батыс бөлігі, Осакаров ауданының батыс бөлігі және Нұра өзенінің арнасы бойынша Нұра ауданының солтүстік-шығыс бөлігінің аздаған бөлігін әлі қар басып жатыр. Қардың тез еруіне наурыздың басындағы күннің жылынуы, жауын-шашын, қалыпты деңгейден төмен күзгі ылғалдылық жақсы әсер етті. Қардың белсенді еріп, сүзілуі мен жерге сіңуі байқалып отыр. Өзендердің арнасынан асуы мен су мөлшерінің арту жағдайы тіркелген жоқ», – деді Мұрат Қатпанов.
Облыс өзендерінде мұзды ұсақтау, бұрғылау және кесу жұмыстары жүргізілді. Бұқар жырау, Осакаров, Қарқаралы және Ақтоғай аудандарында жалпы ауданы 7000 шаршы метр болатын 17 учаске қамтылды.

4845 су өткізу құбырларын, 187 км каналдар мен арықтарды, 463 көпірді тазарту жұмыстары аяқталды. 143 км су бұру траншеялары жасалды.

Самарқан және Ынтымақ су қоймаларынан су ағызу штаттық режимде өтіп жатыр.

Су тасқынына қарсы жұмыстар жалғасуда.


Соңғы жаңалықтар