Қарағанды облысында су тасу қаупі ғарыштан бақыланады

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында қар еріп, су тасу жағдайы ғарыштан бақыланады, деп хабарлады, «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Қарағанды облысында су тасу қаупі ғарыштан бақыланады

Әкімдік отырысында ТЖ департаментінің басшысы Ибрагим Күлшімбаев мұндай тәжірибенің алғаш рет енгізіліп отырғанын айтты.

«Ғарыштық мониторингті қолдану су тасқыны жағдайын анағұрлым тиімді бақылауға мүмкіндік береді», - деді Күлшімбаев.

ТЖ мекемесі басшысының айтуынша, 2016 жылы Қарағанды облысындағы су тасу жағдайы өте күрделі болды. Облыс аумағындағы барлық өзен бассейндеріндегі қар қоры өз нормасынан 1,5-2 есе асып, күрделі су тасқыны жағдайына әкеп соқты.

«Сонымен бірге, су тасқынына дайындық бойынша дер кезінде ұйымдастырылған ауқымды алдын алу шаралары оң нәтижелер берді. Көп жылдық бақылаулар негізінде өңірдегі қалалар мен аудандардың қауіптілігі ықтимал су нысандары және су басу аймақтары анықталды және судың тасуы кезінде ерекше назар аударылды. Су басу қаупі бар аумақтарға комиссиялық тексерулер жүргізілді, елді мекендерде тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жиналыстар мен рейдтік шаралар ұйымдастырылды. Биыл да дәл осындай жұмыстар жүргізіледі», - деді ТЖ департаментінің басшысы.