20:12, 09 Қазан 2012 | GMT +5
Қарағанды облысында табыс туралы декларациясында үйінің бар екенін жасырған ауыл әкіміне айыппұл салынды
ҚАРАҒАНДЫ. 9 қазан. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында табыс туралы декларациясында үйінің бар екенін жасырған ауыл әкімі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлады.

«Қарқаралы аудандық сотында ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 532 бабы, 2 бөліміне сәйкес Тегісшілдік ауылдық округінің әкіміне қатысты әкімшілік іс қаралды. Мемлекеттік қызметкер 2011 жылғы табыс және мүлік жөнінде декларацияны тапсыру кезінде Қарқаралы ауданының әділет басқармасында өзінің атына тіркелген үйін құжатта көрсетпегені анықталды», - деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.
Соттың шешіміне сәйкес, ауылдық округ әкімі 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 161 800 теңге сомасында айыппұл төлеуі қажет. «Қаулы заңды күшіне енген жоқ», - делінген хабарламада.