Қарағанды облысында төрт басқарма қайта құрылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында біріктіру және бөлу жолдары арқылы төрт басқарма қайта құрылды. Аймақты басқару үлгісінде орын алған өзгертулер жайлы облыстық мәслихат сессиясы барысында облыс әкімінің аппарат жетекшісі Жанат Ысқақов мәлімдеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Қарағанды облысы әкімінің ресми сайтының ақпаратына сәйкес, Үкімет қаулысымен облыс әкімдеріне жылына бір рет жергілікті атқару органдарының құрылымын ауыстыруға рұқсат берілген. Ол жаңа басқарма құру, құрылымдық бөлімшелерді біріктіру, қосу немесе бөлу болуы мүмкін.
Бұл құқықты пайдалана отырып, Қарағанды облысы бірқатар басқармаларды қайта құруды ұйғарған. Баяндамашының айтуынша ол жергілікті мемлекеттік басқарманың тиімділігін арттыру үшін жасалып отырған қадам.
Екі басқарманы қосу арқылы Құрылыс, сәулет және қала құрылысы облыстық басқармасы құрылады. Экономика және қаржы басқармасы екіге бөлінеді: қаржы, экономика және бюджеттік жоспарлау. Сонымен қатар Мемлекеттік активтер және сатып алу басқармасы да қайта құрылады. Бұдан былай ол Мемлекеттік сатып алу басқармасы болады, ал меллекеттік активтер қаржы басқармасына беріледі.
Бөлімшелердегі штат санының шектеуі сақтала отырып жергілікті мемлекеттік басқарма құрылымдарының өзгерістері облыс әкімдігінің қаулысымен заңдастырылған. Обыстық мәслихат депутаттары жаңа басқарма үлгісін құптады.