Қарағанды облысында төрт жол жабылды, соңғы тәулікте жол апаты жиілеген
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды полицейлері ауа райы бұзылуына байланысты облыс тұрғындарына ескерту жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
22 наурызда синоптиктердің болжамынша бұрқасын көтеріліп, қалың қар жауады, жел тұрады. Бұл өз кезегінде қала мен қала сыртындағы жолдарда көлік қозғалысы кезінде көру мүмкіндігін шектеп, қозғалысты қиындатады.
«Осыған байланысты автокөлік жүргізушілерінен ұзақ сапарға шықпауын сұраймыз, өйткені ауа райының күрт өзгеруіне байланысты жолды қар басып, апат жағдайы туындауы мүмкін. Ауа райының нашарлауына байланысты 22 наурыз сағат 07.30-дан бастап «Жезқазған-Петропавл» республикалық автожолының 65-252 шақырымы, Жезді кентінен Қостанай облысының шекарасына дейінгі аралықта көліктің барлық түріне қозғалыс жабылды. Сосын сағат 10.00-ден бастап «Екатеринбург-Алматы» республикалық жолында (1353-1426 км, Ақмола облысы шекарасы-Теміртау қаласы), сағат 11.15-ден кейін «Қарағанды-Аягөз-Бұғаз» тасжолы (Қарағанды-Қарқаралы, 17-217 км) және «Қызылорда-Павлодар» автожолы (Қарағанды-Молодежный, 970-1066 км) жабылды» делінген хабарламада.
Жалпы, өткен тәулікте Қарағанды қаласында 17 жол апаты тіркелген, онда 11 адам зардап шеккен.
«19 наурызда «Қызылорда-Павлодар» тасжолының 659-шақырымында 39 жастағы жүргізуші «Тойота Ланд Крузер 200» автокөлігінің артқы дөңгелегінің жарылуы салдарынан рульді басқара алмай, аударылып кеткен. 26 жастағы жолаушы оқиға орнында, 1987 жылы туған екінші жолаушы әйел есін жимастан ауруханада көз жұмды және тағы екі жолаушы ауыр жарақатпен Атасу кентіндегі аудандық ауруханаға жеткізілді»,- деп хабарлады Қарағанды облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Қуаныш Зарубаев.
Қарағанды облысының ПД жергілікті полиция қызметі жол ерекше жауапкершілікті талап ететінін тағы да еске салады.
Әсіресе төтенше жағдайда жүргізушінің жолда жалғыз қалу қаупі бар.