Қарағанды облысында тұқым тазарту желісі іске қосылады

Тұқымның жоғары сапасы – өнімді егіннің негізі. Биыл Нұра ауданының «Шахтерское» ЖШС базасында тұқымдарды тазарту желісін іске қосу жоспарланып отыр. Арнайы жабдық тұқымды калибрлеуге және оны қоқыстардан тазартуға мүмкіндік береді. Желінің қуаты сағатына 20 тонна болады.
Жалпы, Қарағанды облысы бойынша агроөнеркәсіп кешенінде 2023-2026 жылдарға 64 жоба жоспарланған.
«Биылғы жоспарда 24 жоба бар, оның ішінде мал шаруашылығында 10 жоба, өсімдік шаруашылығында – 11 және қайта өңдеу саласында – 3. 150-ден астам жұмыс орны ашылады», - дейді Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Санаубаров.
Өңірде мал шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемін өсіру Шет, Қарқаралы және Нұра аудандарында бордақылау алаңдарын, асыл тұқымды репродукторларды құру және сүт-тауар фермаларын салу есебінен жүзеге асырылады деп жоспарланған. 2026 жылға дейін 4,1 мың сауын сиыры бар сегіз СТФ құрылады. Азық базасын құру үшін суармалы жерлердің ауданы 21,8 мың гектарға дейін ұлғайтылады.
Халықты сапалы өнімдермен қамтамасыз ету үшін, әсіресе маусымаралық кезеңде сақтау инфрақұрылымын дамытуға көп көңіл бөлінеді. Биыл Бұқар жырау ауданында 7,6 мың тонна картоп қоймасы пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін Осакаров ауданында 4,2 мың тоннаға және Шет ауданында 13,4 мың тоннаға екі картоп қоймасы салынады. 2026 жылға дейін жалпы сыйымдылығы 49,2 мың тонна болатын бес заманауи картоп пен көкөніс қоймасының құрылысы жоспарланған. Осакаров ауданында импортты алмастыру шаралары аясында көп қабатты зауыт салынады. Оның қуаттылығы – жылына 4 мың тонна жарма өнімі. Жобаны 2025 жылы іске асыру жоспарланып отыр.