Қарағанды облысында Түркия мен Англиядан келген туристер жоғалып кетті

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының тауларында екі шетелдік - Түркия және Англия азаматтары хабар-ошарсыз кетті. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА ҚР Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахметовке сілтеме жасап хабарлайды. 

Қарағанды облысында Түркия мен Англиядан келген туристер жоғалып кетті

«7 қазан күні 3:07-де Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында екі адам жоғалғаны туралы хабар келіп түсті. Олардың бірі - 1990 жылы туған Англия азаматы, екіншісі - 1992 жылы туған Түркия азаматшасы. Олар «Сосновый бор» санаторийінен таңертең ерте серуендеу үшін шығып, қайта оралмаған», - дейді Нұрсұлтан Нұрахметов.

Хабар-ошарсыз кеткен туристерді іздеу үшін құтқарушылар, Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи парк және ішкі істер органдарының қызмерлерінен құралған іздеу-құтқару тобы жасақталды.

Туристерді шамамен таңғы алтыда Қарқаралы қаласынан 9 шақырым жерден орман күзетшісі тауып алды. Құтқарушылар шетелдіктерді Қарқаралы қаласына жеткізді, олар медициналық көмекке қажетсінбеген.