Қарағанды облысында түзеу мекемесінің алты қызметкері сотталушыны өлтіргендері үшін түрмеге тоғытылды - БАҚ
АСТАНА. 31 қаңтар. ҚазАқпарат -АК 159/7 түзеу мекемесінің алты қызметкері, оның ішінде режим бөлімі басшысының орынбасары, айыптау оқшаулағышының жедел қызметкерлері және екі кезекші сотталушы Шәміл Ярославлевті өлтіргендері үшін темір тордың ар жағына тоғытылды.
Бұл туралы «Экспресс К» газетінде жазылды.
Бұл оқиға елді дүрліктірді десе де болады. Түзеу мекемесінде сотталушы Шәміл Ярославлев көз жұмды. Ресми түрде ол жүрек соқпауынан мерт болды деп жарияланды. Алайда бұған сенбеген марқұмның ағасы Руслан Оздоев оқиғаның мән-жайын анықтауда түбіне дейін жетуді жөн көрді. Соттық-медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес, Ярославлев жүрек тұсына тиген қатты соққыдан мерт болған. Оған қоса сарапшылар оның денесінен бірнеше жарақаттарды байқаған, сүйектері 30 жерден сынған, олар сотталушыны қатты соққының астына алған деген қорытынды шығарды. Бұл қылмыстық істі қозғауға итермеледі.
Сот төрт айдан астам уақыт бойы түзеу мекемесі қызметкерлерінің сотталушының өліміне қатысы бар-жоғын тексерді. Шахтинск қалалық сотының судьясы Рафаил Дурдыев мәлім еткендей, сотталушылардың кінәсі толығымен дәлелденді. Түзеу мекемесінің бұрынғы қызметкерлері 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылды, деп жазды басылым.