Қарағанды облысында Ұлттық банк инкассаторларына шабуыл жасағандар өткен жылғы дәл осындай оқиғаға қатысы бар деп күдік келтіріліп отыр

АСТАНА. Қазанның 20-сы. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Қарағанды облысында Ұлттық банк инкассаторларына шабуыл жасағандар өткен жылғы дәл осындай оқиғаға да қатысы бар деп күдік келтіріліп отыр. Бұл туралы ҚР ІІМ ресми өкілі Қуанышбек Жұманов бүгінгі баспасөз мәслихаты барысында мәлім етті.

Қарағанды облысында Ұлттық банк инкассаторларына шабуыл жасағандар өткен жылғы дәл осындай оқиғаға қатысы бар деп күдік келтіріліп отыр

ҚР ІІМ-нің және Қарағанды облыстық ІІД-нің қызметкерлерінен кұрылған жедел-тергеу тобы Шахтинск қаласында банк инкассаторларына карақшылық шабуыл жасаған адамдарды тергеу кезінде олардың екеуінің өткен жылы Қарағандыдағы басқа банктің филиалына қарулы шабуыл жасағандары үшін де күдікті екенін анықтады», - деді ресми өкіл.

Қ.Жұмановтың сөзіне қарағанда, өткен жылдың наурыз айында олардың инкассатор тонамақ болған әрекеттері жүзеге аспай қалған еді. Сонымен қатар олар оқиға орнында бірқатар айғақтар, оның ішінде қан іздерін қалдырған.

«Қазіргі уақытта ұсталғандардың кінәсін мойындауларын бекіту үшін бірқатар сараптамалар тағайындалды», деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, қазанның 12-сінде Қарағанды облысы Шахтинск қаласында Халық банкінің инкассатор көлігіне қарулы шабуыл жасалған болатын. Полицияның ақпараты бойынша, шабуыл жасағандардың саны үшеу болған. Қарақшыларға инкассаторлар да оқ атып қорғанғандықтан, қаскүнемдер ақша ала алмаған. Алайда инкассаторлардың біреуі жараланған еді. Ал қарақшылар жасырынып үлгерген автокөлік Новодолинка кентінің жанынан мемлекеттік нөмері алынып тасталып, өртенген қалпында табылды. Қазанның 15-інде күдіктілердің барлығы қолға түсті.