Қарағанды облысында ұстаздардан медиатор даярлап шығарады
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында педагогтарға медиация дағдыларын үйрету бойынша пилоттық жоба іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық білім басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Arsana республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдері білім беру қызметкерлеріне қақтығысты жағдайлардағы қиындықтарды шешудің әдіс-тәсілдерін үйретпек.
«Қарағанды облысының білім ұйымдарына медиаторлар даярлау ісінде ынтымақтастық жасау мақсатында меморандумға қол қойдық. Медиация арқылы кез келген мәселені дер кезінде шешуге болады. Бірақ оны үйрету керек», - дейді оқу-әдістеме басқармасының директоры Гүлсім Қожахметова.
Arsana РҚБ өкілі Рысты Жұмабекованың айтуынша, кәсіби медиаторлар педагогтарға қақтығыстарды шешу жолдарын табуға көмектеседі.
«Қарағанды облысының бес мектебінде диагностика жүргіземіз. Деректерді талдап, жағдайды оңалту үшін не нәрсеге назар аудару қажеттігін айтамыз. Семинар қорытындысы ретінде педагогтарға жалпы медиациямен айналысуға жағдай жасайтын құжат беріледі», - дейді Рысты Жұмабекова.
Бұдан тыс, кейбір қатысушылар тренер сертификатын алып, басқа білім мекемелерінде медиатор даярлауына болады.