Қарағанды облысында үздік ауыл әкімі белгілі болды

None
Фото: Қарағанды облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері департаменті
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында «Үздік ауыл әкімі» байқауының қорытындысы шықты. Қарқаралы ауданы Балқантау ауылдық округінің басшысы Аслан Рахымбергенов жеңіске жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Үздік ауыл әкімі» республикалық байқауының өңірлік кезеңін Қарағанды облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері департаменті ұйымдастырды.

Конкурсқа өтінімдер Қарқаралы, Нұра, Осакаров және Шет аудандарының ауыл әкімдерінен келіп түсті.

Қатысушылар комиссия назарына ауыл тұрғындарының өмірін жақсартуға бағытталған өз жобаларын ұсынды және оларға сеніп тапсырылған аумақтардың әлеуметтік-экономикалық проблемаларын шешу әлеуеті туралы баяндады.


Комиссия мүшелері қатысушылардың портфолиосын, жобаларын зерделеп, Қарқаралы ауданы Балқантау ауылдық округінің әкімі Аслан Рахымбергеновті жеңіске лайық деп тапты.

«Қарқаралы ауданының тумасымын. Екі жоғары білімім бар. Экология, экономика және бизнес бакалавры. Еңбек жолымды Қарқаралыдағы академик О. А. Жәутіков атындағы № 1 орта мектебінде экология пәнінің мұғалімі, АӘД және ұйымдастырушы педагог болып бастадым. Содан кейін ауданның білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің әдіскері, бас маманы болып жұмыс істедім, аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы болдым. 2020 жылы Балқантау ауылдық округінің әкімі болып сайландым», – дейді Аслан Рахымбергенов.



Әкім қызметіндегі алғашқы жылы Аслан Рахымбергенов тұрғындарды ұялы байланыспен және интернетпен қамтамасыз етті.

Өткен жылы ұзындығы 9,6 км Қарабұлақ ауылына кіреберіс жолды жөндеу басталды.

«Бұл - аудандық маңызы бар жол. Оның жағдайы өте жаман еді. Осыған байланысты Егіндібұлаққа қатынайтынн автобустар бізге бұрылмайтын. Тұрғындар кейде ауылға дейін 9 шақырымнан астам жолды жаяу жүруге мәжбүр болады. Өткен жылы біз 1,8 км жөндедік. Биыл жұмысты аяқтауды жоспарлап отырмыз», – деп атап өтті әкім.


Болашақта ауылдық округ басшысы Айнабұлақ бөлімшесіне дейін грейдерлік жол салуды көздеп отыр. Оның ұзындығы – 5,7 км.

«Қыста боран соққан кезде Айнабұлақ үнемі қар құрсауында қалады. Адамдарға обал. Байқаудың республикалық кезеңінде жеңіске жетсем, жол салу үдерісі жеделдейді. Байқау ережесіне сәйкес жеңімпазға бір жобаны жүзеге асыруға көмек көрсетіледі», – деді әкім.

Сондай-ақ, Балқантау ауылдық округінде әкімнің бастамасымен кәсіпкерлікті дамыту үшін грант беретін болды.

Грант қаражатын шаруа қожалықтарының басшылары бөледі.

Осының арқасында өткен жылы екі бастаушы кәсіпкер қаржылай қолдау алды. Олар наубайхана мен ателье ашты.


Соңғы жаңалықтар
telegram