Қарағанды облысында вахтамен жұмыс істейтін жұмысшылардан ПТР тест талап етіледі

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында коронавирустық инфекцияның таралу қаупін азайту үшін вахталық қызметкерлердің денсаулық жағдайына бақылау жүргізілуде. Міндетті түрде вахтаға дейінгі және аяқталған соң ПТР-тестілеу жүргізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды облысында вахтамен жұмыс істейтін жұмысшылардан ПТР тест талап етіледі

«Біз экономикасы көп жағдайда ірі кәсіпорындарымыздың үздіксіз жұмысына байланысты болатын өнеркәсіптік өңір болғандықтан, вахтадағы қызметкерлердің денсаулығына қатаң бақылауды сақтау маңызды. Біз кәсіпорындарда КВИ-дің өршуіне жол бермеу және инфекцияны олардың шегінен тыс шығармау үшін алдын-ала және вахтадан кейінгі тестілеуді өткіземіз», - дейді Жеңіс Қасымбек Saryarqa телеарнасында тікелей эфирде өткен брифингте.

Сондай-ақ, облыстың периметрі бойынша негізгі магистральдарда сегіз санитарлық бекет орнатылған, онда полиция қызметкерлері мен дәрігерлер кезекшілік етеді. Олар жүргізушілер мен жолаушылардың денсаулық жағдайын тексереді. Бақылау термометрия мен сауалнаманы қамтиды.

Билік өкілдері, депутаттар және қоғамдық бақылау кіретін 116 мониторингтік топ өз жұмысын жалғастыруда.

2020 жылдың шілдесінен қарашасына дейін 4 ай ішінде мобильді топтар 16 715 рейд өткізді. 1 486 карантин талаптарын бұзушылық анықталды. Жалпы сомасы 40 миллион теңгеден астам 1 065 әкімшілік айыппұл салынды.