Қарағанды облысында вакцина алғандар арасында шипажайға 20 жолдама ойнатылды

Вакцина алған университет қызметкерлері мен оның студенттері арасындағы ұтыс ойыны 1 шілдеде басталды. Оның басты мақсаты – профессор-оқытушылар құрамы мен студенттерді вакцина алуға ынталандыру. Ұтыс ойынына қатысушылар өздерінің вакцинация төлқұжаттарын көрсетіп, автоматты түрде ұтысқа қатысушылардың тізіміне тіркелді. Жақында олардың арасында «Мойылды», «Сарыағаш» шипажайларына және «Балқаш» демалыс үйіне 20 жолдама ойнатылды.
«Академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің оқытушылары мен қызметкерлері студенттер мен олардың ата-аналары алдындағы жауапкершілікті және вакцинацияның пандемияны тоқтатуға көмектесетінін түсіне отырып, вакцина салдыруды жалғастыруда. Ваучерлердің ұтыс ойыны - бұл бәріне жағымды бонус. Алдағы уақытта біз жолдамаларды ғана емес, басқа да бағалы сыйлықтарды ойнатуды жоспарлап отырмыз», – деп атап өтті университеттің баспасөз қызметі.