Қарағанды облысында заңсыз мигранттарды анықтау жұмысы күшейтіледі

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында көші-қон заңнамасын сақтау мәселелері талқыланды. Аталмыш сала басшылығы өңірдегі заңсыз мигранттарды анықтау бойынша жұмыстарды күшейтпек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды облысында көші-қон заңнамасының нормаларын сақтау мәселесі бойынша Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Онлайн-кеңеске өңір басшысы Жеңіс Қасымбек, облыс прокуроры Құсайын Игембаев, Қарағанды облыстық сотының төрағасы Нұрсерік Шәріпов, құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдардың басшылары қатысты.

«Көші-қон заңнамасының нормаларын сақтау – маңызды мәселелердің бірі. Көші-қон қызметтерінің жұмысын күшейтіп, шетел азаматтарының өңір аумағында болуының заңдылығына назар аудару қажет», - деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Отырысқа қатысушылар заңсыз көші-қон мәселелері бойынша мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылының кешенді жоспарын әзірлеу туралы шешім қабылдады.

«Сондай-ақ заңсыз көші-қон арналарын, оның ішінде заңсыз еңбек мигранттарын анықтауға бағытталған жедел іс-шараларды ұйымдастыру қажет. Заңды бұзуға жол бермеу туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізе отырып, тұруға ықтиярхаты бар мигранттардың нақты тұратын мекенжайларын тексеру керек», - деді облыс прокурорының бірінші орынбасары Виталий Шабер.


Соңғы жаңалықтар