Қарағанды облысында жасы 90-нан асқан 1800-ден астам сайлаушы бар
Облыстық сайлау комиссиясының мәліметінше, 770 мыңға жуық сайлаушы тіркелген. Оның ішінде 6890 адам алғаш рет дауыс береді, жасы 90-нан асқан 1841 сайлаушы бар.
Сайлаушылар көпшілігі осы уақытта учаскелерге келіп, өз таңдауын жасады.
Кеншілер мәдениет сарайында орналасқан Қарағанды қаласының № 17 учаскесінде 2210 сайлаушы тіркелді. Мұнда бірінші болып 26 жастағы Адэлина Өміртай дауыс берді.
«Менің ойымша, бүгінде әрбір қазақстандық өзінің сайлау құқығын жүзеге асыруы тиіс. Барлығын тағдырдың еркіне сеніп, қол сілтей салмаңыздар. Егер мұндай мүмкіндік болса, болашағымызды өзіміз анықтауымыз керек», – дейді Қарағанды өңірінің тұрғыны.
Дауыс беру процесін коммерциялық емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің тәуелсіз байқаушылары қадағалайды.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының Жарлығымен Президенттің кезектен тыс сайлауы 2022 жылдың 20 қарашасына тағайындалды. ОСК президенттікке алты кандидатты тіркеді. Мемлекет басшысы жеті жылдық мерзімге бір рет сайланады.