Қарағанды облысында жаз айларында 12 адам суға батып кеткен
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаменті суға шомылу маусымын қорытындылады. Жаз мезгілінде құтқару бөлімшелерінің жұмысы күшейтілген түрде ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Үгіт-профилактикалық іс-шаралар суға шомылу басталғанға дейін жүргізілген. Тұрғындар әңгіме жүргізіліп, дәрістер өткізіліп, судағы қауіпсіздік шаралары туралы жадынамалар таратылды. Барлығы 34 000-ға жуық үгіт-насихат материалдары тапсырылды. Су айдындарында 350-ден астам тыйым салу белгілері, көрнекі стендтер мен баннерлер орнатылды.

Өзен-сулардың жағасында демалушылармен профилактикалық жұмыстарға ерекше назар аударылды. Шомылу маусымы бойы ТЖД бөлімшелері жергілікті атқарушы органдармен, полициямен және еріктілермен бірлесіп су айдындары мен жағажайларда жаппай демалу орындарында 1200-ден астам профилактикалық рейдтер және 30200 патрульдеу жүргізді.
Бірлескен рейдтер жүргізу барысында жабдықталмаған жерлерде шомылудың, жағажайларда, су айдындарында жаппай демалу орындарында спирттік ішімдіктер ішудің жолын кесу, судағы жүріс-тұрыс ережелерін түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Полиция қызметкерлерімен бірге 220 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. 162 адамға айыппұл салынып, 58 адамға ескерту берілді.
«Халықпен жүргізілген ауқымды алдын алу жұмыстарының арқасында судағы қайғылы оқиғалардың саны азайды Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары 18 адамды құтқарды. Қарағанды облысының су айдындарында 1 маусым мен 1 қыркүйек аралығында барлығы 12 адам суға кетті, оның 4-уі бала. 2019 жылдың ұқсас кезеңінде облыстың су айдындарында 14 адам суға кеткен еді, оның 2-уі бала», - деп мәлімдеді Қарағанды облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Судағы төтенше жағдайлардың негізгі себептері азаматтардың құтқарушылар бақыламайтын су айдындарында ұйымдастырған демалысы, мас күйде шомылу, судағы қауіпсіздік ережелерін білмеу немесе сақтамау, жүзе алмау және балаларды ересектердің қарауынсыз суға қалдыру болып табылады.




