Қарағанды облысында жедел жәрдем машинасы мен 80-ге жуық адам құтқарылды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Өткен тәулікте Қарағанды облысының тас жолында 78 адам құтқарылып, «жедел жәрдем» машинасы қар құрсауынан шығарылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Қарағанды облысында жедел жәрдем машинасы мен 80-ге жуық адам құтқарылды

Қарағанды облысының аумағында ауа райының қолайсыздығы туралы смс-ескертпеге қарамастан  (бұрқасын мен жол көрінісінің нашарлауы), көптеген көлік жүргізушілері алыс жолға шыққан.

«4 ақпан күні таңертеңнен 5 ақпан күні түнге дейін Теміртау-Ақмола облысының шекарасы, Топар-Жезқазған, Қарағанды-Балқаш, Қарағанды-Қарқаралы, Қарағанды-Павлодар облысының шекарасы, Киевка ауылы- Ақмола облысының шекарасына дейінгі тас жолдар барлық көлік түрлері үшін жабық тұр.  Алайда, жекелеген азаматтар ауа райының қолайсыздығына қарамастан жолға шығып, қар құрсауында қалды», - деп хабарланды Қарағанды облыстық ТЖ департаментінің баспасөз қызметінде.

 

«ТЖ басқармасы мен өрт сөндіру қызметі, апаттық-құтқару қызметінің арқасында Теміртау маңында 20 адам эвакуацияланды. Қарқаралыдан 3 шақырым қашықтықтағы тас жолда қарда қалып қойған жедел жәрдем машинасы мен автобустан 13 адам құтқарылды. Бүркітті ауылының маңында қар құрсауынан шыға алмаған жеті автомобильден 10 адам эвакуацияланды», - деп хабарлайды ТЖ департаментінің баспасөз қызметі.

Құтқарушылар Жаңаарқа ауданындағы Қызылорда-Павлодар тас жолында бұзылған «ВАЗ» автомобилінде үсік шалуға аз қалған екі адамды тапқан. Бұқар жырау ауданының Чкалово ауылына жақын маңда 10 машина қар құрсауында қалып, 13 адам құтқарылды.

«Оған қоса, науқас баланы жедел жеткізу оқиғасы орын алды. Жедел-құтқару жасағы 2008 жылы дүниеге келген баланы Бұқар жырау ауданының Ростовка ауылынан «ТРЭКОЛ» жол талғамайтын машинасымен Теміртау орталық ауруханасына жеткізді. Ол жедел медициналық көмекке зәру болған», деп мәлім етті ТЖ департаментінің баспасөз қызметі.

 

Құтарушылар жергілікті полиция қызметінің бөлімшесімен,  ҚР Ұлттық гвардиясының «Орталық» өңірлік қолбасшылығындағы №52859 әскери бөлімімен бірге қар құрсауынан 73 адамды эвакуациялап, 6 азаматты құтқарды.