Қарағанды облысында жедел жәрдем шақыру саны үш есеге азайды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Соңғы екі апта ішінде Қарағанды облысындағы эпидемиологиялық жағдай тұрақтанды. Қазіргі уақытта бір тәулікте ауруханадан жазылып шыққан пациенттер саны емдеуге жатқызылғандарға қарағанда көбірек. Стационарлардың жүктемесі төмендеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды облысында жедел жәрдем шақыру саны үш есеге азайды

Қарағанды облысында жұқпалы және пульмопровизорлық бейіндегі 4 486 орын бар. Жұқпалы және провизорлық госпитальдердегі орындар жүктемесі 50%-ға дейін азайды. Қазір облыс стационарларында 2 433 науқас емделіп жатыр. Эпидемия басталғаннан бері 4 403 науқас жазылды – бұл инфекция жұқтырғандардың жалпы санының 62%-ы.

Сонымен қатар жедел жәрдемге жүгіну саны да азайды. Бұрын диспетчерлер тәулігіне 2 200 шақырылым қабылдаса, қазір 600-ге дейін қоңырау соғылады.

«Жедел жәрдем шақыру үш есеге азайды. Төсек-орын бар, бүгінде олардың 50%-ы бос және резервте тұр. Екі апта бұрын бұл көрсеткіш айтарлықтай жоғары болды және 80%-ды құраған болатын», - деп атап өтті Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Үкімет отырысында.


Сондай-ақ, өңірде ауруханалардың жабдықталуына ерекше көңіл бөлінеді. Науқастарды оттегімен қамтамасыз ету үшін 1 500 концентратор сатып алынды, сондай-ақ бес объектіге медициналық газ берудің орталықтандырылған жүйесі орнатылды.

Қазір 90 ӨЖЖ аппарат сатып алынып, олардың 10-ы осы аптада жеткізіледі. Жақында демеушілер Қарағандыға өз қаржысына Түркиядан сатып алынған 100 оттегі концентратын және қажетті дәрі-дәрмекті, соның ішінде антикоагулянттарды жеткізді.

«Бүгінде 17 компьютер томографиясы кабинеті жұмыс істейді. Қазан айында тағы бесеуі - Шахтинск, Қарағанды, Балқаш, Жезқазған, Сәтбаев қалаларында орнатылады. Сонымен қатар, біз 25 заманауи сандық рентген аппаратын сатып аламыз», - деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ, өңірде дәрілік заттардың стратегиялық қорын қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Ресейден 17 тонна дәрі келіп түсті. Дәрі-дәрмектерді жеткізуді үш есе ұлғайту жоспарланып отыр.