Қарағанды облысында Жеңіс Күні қарсаңында ардагерлерге жалпы сомасы 320 млн. астам теңге көмек көрсетіледі
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішев бүгін Ұлы Жеңістің 69 жылдығы қарсаңында Ұлы Отан соғысының ардагерлерін қабылдады, деп хабарлады баспасөз қызметі.
«Жеңіс күнінен бастап уақыт өткен сайын адамзат тарихы сіздердің ерліктеріңізді барынша тереңірек түсіне түсті. Бұл өмірге, Отанға деген шексіз махаббат пен ержүректіліктің үлгісіне айналды. Қанды да қасіретті шайқаста жауға тайсалмай қарсы шығып, ерлік мен қаһармандық көрсетіп, бізге жеңісті тарту еттіңіздер, - деп білдірді өңір басшысы ардагерлерге деген ізгі ниетін.
Ол ел Президентінің Қазақстан халқы Ассамблеясының XXI сессиясында айтқан сөзін еске салып өтті: «Сонау зұлмат жылдары Жеңіс үшін Ұлы Отан соғысында біздің халқымыз, барлық ТМД халқы жандарын пида етіп, ұлы құрбандыққа барғандарын мәңгі есте сақтауымыз қажет. Бұл әрбір жаңа ұрпаққа тәрбие беру тұрғысынан үлкен сабақ болуы тиіс».
Өткен жылы Курск түбіндегі жеңістің 70 жылдығы атап өтілді. Бұл күні 35 қарағандылық естелік медальға лайық деп танылды. «Оның 34-і наградасын алды. Қабылдау барысында Б. Әбдішев осы шайқасқа қатысқан Қамал Дүйсебековке «Курск шайқасына 70 жыл» медалін табыс етті», делінген хабарламада.
Облыста Жеңіс күніне орай ардагерлерге жалпы сомасы 320 млн. теңге біржолғы материалдық және әлеуметтік көмек көрсетілмекші. Атқарушы билік соғыс ардагерлерінің үйіне күрделі жөндеу жүргізіп, бірқатар әлеуметтік проблемаларын шешпек, оның ішінде медициналық қызмет көрсетіледі және дәрі-дәрмектер беріледі.
Сөз алған ардагерлер жасаған қамқорлықтары мен көрсетіп жатқан құрметтері үшін алғыс сезімдерін айтты. Олар барлық қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған Мемлекет басшысының ерекше қолдауына ризашылықтарын білдірді.
Барлық қатысушыларға бағалы сыйлықтар мен гүл шоқтары берілді.
1 сәуірдегі деректер бойынша Қарағанды облысында 454 Ұлы Отан соғысында қатысушылар мен мүгедектер, 939 оларға теңестірілген адамдар, 19694 тыл еңбеккерлері, соғыс жылдары кемінде 6 ай жұмыс істеген еңбеккерлер тұрады.