Қарағанды облысында жол апатына қатысты тергеу жұмыстары басталды
АСТАНА. ҚазАқпарат -Алматы-Екатеринбург тасжолында бір адам қаза тауып, 10 жолаушы зардап шеккен жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды, деп хабарлайды Қарағанды облыстық ІІД баспасөз қызметі.
11 ақпанда 21:00-де Балқаш қаласына бет алған Mercedes-Benz көлігінің 33 жастағы жүргізушісі, алдын ала дерек бойынша, қарсы жолаққа шығып кетіп, 34 жастағы жүргізуші жүргізіп келе жатқан BMW автокөлігімен соқтығысқан. Оның артынан келе жатқан Nissan көлігі машиналардың біріне соғылады.
Жол апаты салдарынан BMW көлігінің 37 жастағы жолаушысы алған жарақаты салдарынан оқиға орнында көз жұмады. Үш автокөліктегі 10 жолаушы түрлі жарақатпен медициналық мекемелерге жеткізілген.
«Алматы-Екатеринбург тасжолының 934 шақырымында болған жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Сәйкес сараптамалар тағайындалды», - делінген хабарламада.