Қарағанды облысында жолда қалып қойған автобустың 40 жолаушысы құтқарылды
ҚАРАҒАНДЫ. Қаңтардың 19-ы. ҚазАқпарат /Валентина Елизарова/ - Сейсенбі күні түнде Қарағанды облысында жолда қалып қойған автобустың 40 жолаушысы құтқарылды,
деп хабарлады облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен.
Қаңтардың 19-ы күні сағат 03.04-те «112» телефонына қоңырау шалынып, «Қызылорда-Павлодар» тас жолында Қарамұрын ауылының маңында Сәтбаев-Қарағанды бағытында келе жатқан жолаушылар автобусының жағармайы қатып қалып, тоқтауға мәжбүр болғаны хабарланады. Автобуста 40 жолаушы болған.
Жиырма адам Жезқазған-Астана бағытымен келе жатқан автобусқа отырғызылды. Қалған жолаушылар жолы түскен көліктермен жақын маңдағы елді мекендерге жеткізіліп, түнеуге жайғастырылды.
Жолаушылардың бәрі аман-есен. Автобус жөндеуге тіркеп әкетілді, деп хабарлады төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен.