Қарағанды облысында жолда тұрып қалған автобустың 44 жолаушысы құтқарылды

АСТАНА. 8 желтоқсан. ҚазАқпарат - Жезқазған қаласының Төтенше жағдайлар басқармасы Азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар бөлімінен хабарлағандай, ауа температурасының төмендеуіне байланысты Жезқазған өңірінің жолдарында алыс бағыттағы жолаушылар автобустарының жолда тұрып қалу оқиғалары жиіледі.

Қарағанды облысында жолда тұрып қалған автобустың 44 жолаушысы құтқарылды

Мәселен, 8 желтоқсан күні, таңертеңгі сағат 8-де Жезқазған қаласы бойынша ТЖБ-ның кезекші бөліміне, Жезқазғаннан Қарағанды қаласына қарай 80 шақырым жерде, Қызылорда-Павлодар автожолында, дизель отынының қатып қалуы салдарынан ішінде 44 жолаушысы бар Астана-Қызылорда бағытындағы маршрутты автобус тоқтап қалғандығы туралы хабарланды.

Автобус 30 градус аязда жолда ұзақ уақыт бойы тұрып қалған. Адамдарды құтқарумен Жезқазған қаласы бойынша ТЖД-ның шұғыл тобы және Қарағанды облысы бойынша ТЖД «Өртке қарсы және апатты-құтқару қызметі» ММ-нің екі жасағы айналысты. Нәтижесінде 34 жолаушы аман-есен Жезқазған қаласына жеткізілді.