Қарағанды облысында жүк көлігін бір өзі сүйрейтін жігіт тұрады
Байбек Бауыржан КамАЗ жүк көлігін бір өзі бірнеше метрге дейін сүйрей алады. Жігіттің жігеріне таң қалмаған адам кемде кем.
Алайда бұл үшін тек қара күш аздық етеді, дейді ол. Оны қозғалтудың техникасы бар. Байбек бастапқы кезде жеңіл көліктерді тартып жаттыққан.
Біртінтеп ауыр көліктерді орнынан қозғай бастапты. Қазір батпаққа батқан шағын темір тұлпарларды ешкімнің көмегінсіз оңай шығара алады.
«Егер сіз бұл техниканы білмесеңіз, үйде қайталауға тырыспаңыз. Кейбіреулер мұны дайындықсыз бастайды, бұл өте зиян. Шағын техникадан бастадым. Бастапқыда мотоциклдер, машиналар, содан кейін ғана КамАЗ-ды тарттым. Мұның бәрін ауылда жасадым, керемет жағдай жасалмаса да, өзім үйрендім», - дейді Байбек Бауыржан.
Ол аздай, Байбекке үлкен шегені қолмен майыстыру да қиын емес. Сосын бірден қайта түзеп шығады. Бұл трюкке санаулы секундтар жұмсайды.
Ол 200-дік шегені балғамен емес, алақанымен қағады. Ал оны суыру үшін аспап іздеп жатпайды. Тісімен-ақ шығара салады екен.
Жаттығулардың ең күрделісі – үш шегенің үстінде денені көтеріп-түсіру. Мұнда тепе-теңдікті сақтау маңызды. Әрі бұлшық ет мықты болуы керек.
«Бұл - ең қиын трюк, бірден орындай алмадым. Алдымен екі шегеден бастадым, содан кейін үшіншісін қостым. Содан кейін менің ойлағаным орындалып, жетістікке жеттім. Әрине, оған дейін бірнеше рет құлап, жарақат алдым. Онсыз болмайды. Бірақ қазір кез келген трюкті еш қиындықсыз жасай аламын», - дейді Байбек.
Байбек – Қарағанды облысы Нұра ауданы Жанбөбек ауылының тумасы. 5 жасынан бастап гимнастикамен айналысқан.
8-сыныпта ауыр атлетикаға қызығып, пауэрлифтинг спортын жанына серік етті. Ал мұндай трюктерді екі жыл бұрын ғана меңгере бастапты.
Байбек қайталанбас трюктерді 35 жасқа дейін жасаймын деген мақсат қойып отыр. Алдағы жоспары - Гиннес рекордтар кітабына ену.