Қарағанды облысында жыл басынан бері екі мыңнан астам алаяқтық фактісі тіркелген

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының құқық қорғау органдарының өкілдері алаяқтармен күресудің және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алудың негізгі бағыттарын белгіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды облысында жыл басынан бері екі мыңнан астам алаяқтық фактісі тіркелген

Облыс прокуроры Құсайын Игембаевтың төрағалығымен Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Жұмысқа кеңес мүшелері, қалалар мен аудандардың прокурорлары, құқық қорғау, жергілікті атқарушы органдардың басшылары қатысты.

«Биылғы жылдың 8 айында облыста 2 мыңнан астам алаяқтық фактісі тіркелді, одан келген шығын 1,8 млрд теңгені құрады. Бұл – барлық қылмыстық құқық бұзушылықтардан келтірілген шығынның төрттен бір бөлігі (23,5%)», - деп хабарлады облыс прокуратурасында.

«Қаржы пирамидаларына қатысты жағдай ерекше назар аударуды талап етеді. Тек биылғы жылы осындай 12 факт анықталды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 92%-ға көп. Бұл ретте жәбірленушілердің саны, әдетте, жүздеген болып есептеледі. Мысалы, облыстың Экономикалық тергеу департаменті көп деңгейлі маркетинг ретінде жасырылған қаржы пирамидасын құрған М.-ға қатысты қылмыстық істі тергеуде. Қазіргі уақытта 333 жәбірленуші анықталды, оларға 2 млрд теңге көлемінде шығын келтірілген», - деп толықтырды прокуратура.

Ведомствоаралық өзара іс-қимыл және жедел ақпарат алмасу мақсатында алаяқтыққа және қаржы пирамидаларын ұйымдастыруға қарсы іс-қимыл шараларының 2022-2023 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірлеу шешілді.

Осы санаттағы қылмыстық істерді сапалы түрде ашу және тергеу үшін олардың құрамына IT саласындағы қызметкерлерді міндетті түрде енгізе отырып, мамандандырылған жедел тергеу топтары құрылатын болады.

Сондай-ақ жұртшылықты және БАҚ-ты халықпен профилактикалық жұмысқа кеңінен тарту жөніндегі шараларды жалғастыру қажеттілігіне назар аударылды.

Сондай-ақ, отырыста тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу саласындағы уәкілетті органдардың өзара іс-қимыл мәселелері қаралды.

«Биыл 1000-ға жуық әйел мен бала тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болған. 18 адам қайтыс болған, 40 адам жарақат алған. Негізгі себептер – ішімдік ішу, жұмыссыздық, дағдарыстық әлеуметтік-тұрмыстық қатынастар», - деп хабарлады прокурорлар.

Шара қорытындысы бойынша дағдарыс орталықтарының жұмысын жандандыру, уәкілетті құрылымдардың келісілген өзара іс-қимылын қамтамасыз ету, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолын кесу бойынша тиімді құқықтық және практикалық шараларды іске асыру ұсынылды.