Қарағанды облысында жылына 1,2 мың автобус құрастырылатын болады
«Бұрынғы резеңке-техникалық бұйымдар зауытының базасында жұмыс істейтін кәсіпорын өз өндірісін биылғы жылдың желтоқсан айында іске қосады. Инвестициялық жобаны іске асыру үшін жоба операторы «Qaztehna» ЖШС, «Сарыарқа «ӘКК» АҚ және «Yutong» компаниясының қатысуымен бірлескен кәсіпорын құрылды. Инвестиция көлемі 37,7 млн АҚШ долларын құрады. Зауыт жылына шамамен 1200 бірлік автобус шығаруды жоспарлап отыр. Бұл, бірінші кезеңде-ақ тозығы жеткен қоғамдық көлік паркінің жағдайын айтарлықтай өзгертуге мүмкіндік береді», - делінген хабарламада.
Сарапшылардың мәліметінше, бүгінгі таңда еліміздегі 12 мыңнан астам автобустың тозығы жеткен, олардың 50% астамы мүлде ескірген.
«Yutong» - бұл жолаушы техникасын жеткізуші әлемдегі ірі компаниялардың бірі. Оның әлемдік нарықтағы үлесі – 15%, ал Қытай нарығындағы үлесі 37% құрайды. «Yutong» автобустарының жылдық сатылымы 70 мың бірлікке тең, ал жаңа энергетикалық автобустардың көрсеткіштері жылына 25 мың бірлік болады. Сондай-ақ, индустриялық аймақ аумағында жобаларды іске қосу отандық мамандар үшін 600 жаңа жұмыс орнын (аралас салаларды ескере отырып) құруға мүмкіндік береді», - деп мәлім етті ҚР ИИДМ баспасөз қызметінен.
Бұдан бөлек, Саран қаласындағы зауыт жол-құрылысында қолданылатын көліктер мен жүк техникасын шығаратын болады. Өнім сапасы Қазақстанның өнеркәсіптік және тау-кен өндіруші компаниялары арасындағы сұранысқа жауап береді. Жалпы, жылына 400 бірлік арнайы техника шығару жоспарланған. Қарағанды зауыты алдағы уақыта елімізден бөлек, Ресей, Қырғызстан, Иран, Пәкістан және басқа да елдерге өнім экспорттауды көздеп отыр.
Қарағанды өңірінің ірі өнеркәсіп ошағына айналатын зауыттың өндірісін жолға қоюына «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ үлкен септігін тигізді. Өйткені, Қарағанды резеңке-техникалық бұйымдар зауыты 2019 жылдың қыркүйек айына дейін «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ тиесілі еді. 2017 жылы банк секторын сауықтыру бағдарламасын іске асыру аясында екінші деңгейдегі банктерге теңгерімдеріндегі «жұмыс істемейтін» қарыздарды «тазарту» процесін жүзеге асыру үшін Қор мен «БТА Банкі» АҚ арасында активтерді сатып алу-сату (сатып алу) шарты жасалды. Шартқа сәйкес қорға Қарағанды облысы, Саран қаласы, резеңке-техникалық бұйымдар зауытының Солтүстік өнеркәсіптік аймағы (РТИ) орналасқан нысан берілген.
Ал, «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ мақсаты жұмыс істемейтін активтерді сатып алу арқылы екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсарту, сондай-ақ, сауықтыру және сату арқылы сатып алынған активтерді экономикалық айналымға тарту арқылы ұлттық экономиканы сауықтыруға жәрдемдесу болып табылады. Сол себепті, 2019 жылдың 3 қыркүйегінде «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ нысанды электронды сауда арқылы сатылымға шығарды.
Еске сала кетейік, Қарағанды облысының автобус паркін 2022 жылға дейін 50% жаңарту жоспарлануда. Бұл туралы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Аскербек Халтонов Instagram-да тікелей эфирде мәлімдеген болатын.